Қазақстанда алғаш рет қар барысына спутниктік телеметрия орнатылды
Қазақстан Республикасы Экология, Геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) «Барыс» хоккей клубымен бірлесе отырып, спутниктік телеметрия арқылы қар барыстарын белгілеу жобасын бастады.
Қар барыстарына спутниктік телеметрия орнату «Алтын -Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағынан бастау алды.
Ғалымдар алғашқы рет ересек қар барыстарына спутниктік белгілеуді жүргізді. Алдағы уақытта жеті спутниктік жаға орнату жоспарланып отыр.
Бұл құрылғы қар барыстарын көзден таса қылмай, бақылап отыру үшін орнатылып жатыр.
Жабдықты орнату үшін А.Н.Северцов атындағы институттың халықаралық сарапшылары Андрей Поярков, Дмитрий Александров және Хосе Антонио Эрнандес-Бланко тартылды, олар Моңғолия мен Ресейдегі қар барысын, жолбарысты және басқа да мысық тұқымдастарды белгілеу бойынша жұмыс тәжірибесіне ие. Бұдан бөлек қар барысын аулауға Зоология институтының қазақстандық ғалымдары қатысты.