Ұлттық парк аумағында, Іле жазағында тарихи-мәдени ескерткіштерден басқа табиғи туындылар да жақсы сақталған. Солардың бірі шағыл құмдардан құралған – «Айғайқұм» табиғи ескерткіші. «Айғайқұм» Үлкен және Кіші Қалқан тауларының ортасында тастақты жазықта орналасқан. Жалпы аумағы 240 га болатын құм негізгі екі бөліктен тұрады. Оңтүстік құмның биіктігі -150 м, ал солтүстік құмның биіктігі- шамамен 100м, абсолюттік биіктігі-600-650 м. Құмның оңтүстік бөлігінде таза шағыл құмдар арасында өсімдіктер өспейді. Оңтүстік бөлігіндегі құмның тік болғаны соншалық, оған шығу мүмкін емес. Көптеген ғалымдар Айғайқұмның пайда болу себебін шешуге тырысып, оған зерттеулер жүргізген. Алайда, әлі күнге дейін Айғайқұмның пайда болуы жұмбақ болып, халық арасында құмның пайда болуы туралы көптеген аңыздар таралуына негіз болды. Тағы бір қызығы, қатты желді күндері құмнан ұшақтың дауысына ұқсас дыбыс шығады. Құмның дыбыс шығаруына байланысты көптеген аңыздар да пайда болған. Қазіргі таңда «Айғайқұм» көп халықтың таңдауы бойынша Қазақстанның жеті кереметіне енген және мемлекеттік маңызы бар табиғи ескерткіштер мәртебесі берілген.